ҚҰРМАНҒАЗЫ ДОМБЫРАСЫ МУЗЕЙ САХНАСЫНДА!

fb_img_1523426009278

ҚҰРМАНҒАЗЫ ДОМБЫРАСЫ МУЗЕЙ САХНАСЫНДАЫқылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламасын іске асыру іс-шаралар тізіміне алынған және Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының 2018-2019 жж. атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Құрманғазы домбырасы музей сахнасында» атты көрме мен күй кеші өтті.
Күй кешінде Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің домбырашылар құрамы өнер көрсетті. Ал жеке орындауда – Рахат Сәрсенов, Әсел Әлина, Батыржан Мықтыбаев және кешімізге арнайы Батыс Қазақстан облысынан келген дәулескер күйші, шебер Едіге Нәбиұлы Құрманғазының шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасымен «Қоштасу» күйін орындап көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Едіге Нәбиұы Құрманғазы домбырасының көшірмесін жасаған шебер, сондай-ақ Ерғали Есжановтың домбырасын туыстарынан ала отырып, үнемі дыбыстандырып отырған. Бұндай өнер жанашырын көненің көзіндей, ескінің сөзіндей деуге болады. Құрманғазы домбырасын арнайы көзбен көріп, қолмен ұстап зерттеу үшін Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі Едіге Нәбиұлымен бірлесе отырып, арнайы Ресей Федерациясы Астрахань облысы, Алтынжар ауылында орналасқан «Құрманғазы атындағы мәдени орталыққа» аттанады. Мәдени орталықтың экспозициясында сақталған Құрманғазы Сағырбайұлы домбырасының өлшем нұсқаларын алған соң, шебер іске кіріседі. Осынау бабамыз, ХІХ ғасырда өмір сүрген күй атасы Құрманғазы домбырасының көшірмесі елінде де сақталсын деген ниетпен екі данасы жасалады. Бүгінде сол екі домбыраның бірі және Құрманғазының төл шәкірті Ерғали Есжанов домбырасының түпнұсқасы ресми түрде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне табысталды. Қабылдау рәсіміне Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің басшысы, жыршы Ұлжан Байбосынова шығып, іс-шараның мән-мағынасын ашып көрсетті.

«Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламасын іске асыруда ұйымдастырылған, бабамыз Құрманғазының 200 жылдығы баршамызға, бүкіл қазаққа, қазақ өнеріне құтты болсын! Осындай тарихи сәтте өз атымнан, музей ұжымы атынан, ұлттық өнерімізге, ұлттық музыкалық дәстүрімізге қолдау көрсетіп жүрген қала басшысы Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбекке, қала әкімдігіне, мәдениет басқармасына алғысымды білдіремін. Сонымен бірге, осы екі құнды домбыраны бізге табыстап келіп отырған Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидулла Оспанқұлов мырзаға алғыс білдіреміз! Бүгінгі керемет күй кешінің өтуіне атсалысқан, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов мырзаға, оркестрдің домбырашылар құрамына ерекше алғыс. Осы орайда, атап өтер жәйт, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойының қарсаңында қара шаңырақ Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі арасында меморандумға қол жеткіздік. Бұл да өз кезегінде бірлескен жобалардың жүзеге асуына жол ашады деп білеміз», – деді Ұ.Байбосынова.

Сонымен қатар, музей залында «Құрманғазы домбырасы музей сахнасында» атты көрме ашылды. Көрмеге Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі және Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейлері қатысты. Көрмеде Құрманғазының дара ауыз мылтығы және шәкірті Дина Нұрпейісованың белбеуі, камзолы, ХІХ ғ. жататын шапан мен зергерлік бұйымдар қойылған.

Кештің құрметті қонақтары қатарында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидулла Оспанқұлов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова, Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай, жазушы Зейнеп Ахметова және ҚР Мәдениет қайраткерлері мен дәстүрлі өнер жұлдыздары болды.

Көрме 1 айға жалғасады.

Дайындаған: Бақытжан Қалнияз,
Ықылас атындағы халық музыкалық
аспаптар музейінің аға ғылыми қызметкері,
өнертану ғылымдарының магистрі.

 

https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=777760475744669&id=100005321708609