“Домбыра ғұмыр” күйшілер сериясы – Рүстембек Бейсенұлы Омаров.

89

Елбасы жарлығымен бекітілген “Ұлттық домбыра күні” мерекесінде Құрманғазы оркестрі ұжымы толық құрамда өнер көрсетті. Ұлттық аспабымызға көрсетілген құрметті жыл бойы насихаттау мақсатында Құрманғазы оркестрі “Домбыра ғұмыр” атты күйшілер сериясын назарларыңызға ұсынып отыр. Аталған күй сериясында Құрманғазы оркестрі құрамында қызмет еткен домбырашылар туралы қысқаша ақпарат және оркестр архивінен жеке фотолары ұсынылатын болады. Олай болса күй өнерін, домбыра аспабын бүгінгі күнге жеткізген күйшілерімізді бірге насихаттайық!
Оркестр тарихына назар салсақ 1934 жылдан күні бүгінге дейін бірнеше буын домбырашылар құрамы қызмет еткен. Солардың ішінен алғашқы болып күйші Рүстембек Омаровты назарларыңызға ұсынамыз.
Рүстембек Бейсенұлы Омаров – (1919 -1988 ж.ж ) – күйші, домбырашы, Қазақстанның халық артисі. 1934 жылы А.Жұбановтың жетекшілігімен құрылған халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейін домбыра тобының концертмейстері және жеке домбырашы қызметін атқарған. 1937 – 39 жылы қазіргі Санкт-Петербург қаласындағы музыкалық училищесінде, 1946 жылы Алматы консерваториясында оқыған. Бұдан кейінгі шығармашылық қызметін ұстаз ретінде консерваторияда, домбырашы ретінде Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде қатар жүргізді. Ә.Есқалиев, Қ.Ахмедияров т.б көптеген күйші-домбырашыларды тәрбиеледі. Омаров қазақ халқының күй мұрасын, әсіресе, Құрманғазы күйлерін, оның орындаушылық дәстүрін жетік меңгерді.