“Миллион, миллион раушан гүл”

1109ed32-147e-4fef-ac8f-4d93f2dc6f8f

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, «Миллион, миллион раушан гүл» атты жаңа бағдарламалы концерт болып өтті.

Кеш басталар алдында нәзік жанды әйелдер қауымын ерекше бағдарлама – гүлдер көрмесі күтіп тұрды. Ал, концерттің өзі Құрманғазы оркестрінің орындауындағы қазақтың ұлы сазгерлерінің бірі – Дәулеткерей Шығайұлының «Қосалқа» күйінен бастау алды. Сонымен қатар, отандық композиторлар Нұрғиса Тлендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуовтің жарқын туындылары орындалды.

Бұл кеште шетелдік шығармалар да орындалып, тыңдармандарды тамсандырды. Атап айтсақ, әлемдік классик композиторлардың туындылары: Леонард Бернстайн «Мамбо», Карл Дженкинс «Палладио», Джеймс Ласт «Одинокий пастух», Иоганн Штраус «Полька на охоте», Лерой Андерсон «Печатная машинка», Муслим Магомаев «Синяя вечность» және т.б.

Кеш қонағы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова аты аңызға айналған сазгер, «Вальс королі» Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым» мен «Сырласу вальсі» әндерін орындап тыңдармандарды қуантса, мәдениет қайраткерлері Мирас пен Құралай Александр Зацепиннің «Ана» және Раймонд Паулстың «Миллионы, миллионы алых роз» әндімен көрерменнің ықылас-қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, белгілі композитор Сәтжан Шәменов оркестрмен Төлеген Мұхамеджановтың «Махаббат бекеті» композициясын тамаша орындап шықты.

Жас та болса, дарынды әнші Азамат Бекбергенов Мариям Жагорқызының «Дударайы» мен Тұрдықылыш Ізтайдың «Нурикамал»-ын және әлемдік жұлдыз Sting-тің  «Shape of my heart» хит шығармасын Оркестрдің сүйемелдеуімен өте жоғары деңгейде орындап, өнерімен тыңдарманды тәнті әнтті.

Кеште дирижерлік еткен – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы оркестрінің бас дирижері Абылай Тлепберген және ҚР Мәдениет қайраткері Жексен Айсын.

Осылайша жоғары деңгейде өткен «Миллион, миллион раушан гүл» концертімен Құрманғазы Оркестрі әйелдер қауымына мерекелік көтеріңкі көңіл-күй  сыйлады.