2
“Құрманғазы домбырасы музей сахнасында” атты күй кешіне асығыңыздар!
04.04.2018
Алматы қаласы
Ыхлас мұражайы
Google Map

«Құрманғазы домбырасы музей сахнасында»

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының 2018–2019 жж. атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіледі.

Осыған орай, 2018 жылдың 4 – 6 сәуір күндері сағат 10:00–19:00 аралығында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Құрманғазы Сағырбайұлының Астрахань облысы Алтынжар ауылында орналасқан «Құрманғазы атындағы мәдени орталық» қорында сақталған домбырасының көшірмесі және Құрманғазының төл шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасы ресми түрде музейге қабылданады.

Онымен қоса, «Құрманғазы домбырасы музей сахнасында» атты үшкүндік көрмеге Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы Құрманғазының дара ауыз мылтығы және шәкірті Дина Нұрпейісованың белбеуі, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы Дина Нұрпейісованың камзолы, ХІХ ғ. шапаны мен зергерлік бұйымдар қойылады.

4 сәуір күні 17:00–де көрме күй кешімен жалғасады. Күй кешінде Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің домбырашылар құрамы және жеке орындауда Қажыбек Бекбосынов, Батыржан Мықтыбаев, Әсел Алина, Рахат Сәрсенов, Асылбек Ахатов, Едіге Нәбиұлы өнер көрсетеді. Кеш соңында Құрманғазы домбырасының көшірмесі және оның тікелей шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасы музей қорына ресми түрде қабылданып, музей экспозициясына қойылады.

Қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлы 1818 жылы Бөкей хандығы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі жерінде дүниеге келген. Батыс Қазақстан күйшілік дәстүрінің ең көрнекті тұлғасы, күй атасы атанған – әлемдік өредегі алып композитор. Оның күйлері өмірбаяндық негізге құрылған. Олар нақты оқиғаға байланысты шығарылған, әрқайсысының тарихи негізі бар туындылар. Патшалық Ресейдің отаршыл саясатының ықпалы Құрманғазы тағдырына да әсер етпей қоймаған. 1830 жылы Исатай Тайманұлы және оның серігі Махамбет Өтемісұлы бастаған Жәңгір ханға қарсы шаруалар көтерілісінде Құрманғазы да болады. Сол жылдарында «Кішкентай» деген күй шығарады. Осы туындысы арқылы ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсылықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді. Күйші шығармашылығындағы негізгі тақырып – халықтың азаттығы мен бостандығы. Оның «Адай», «Төремұрат», «Саранжап» секілді күйлерінен асқақ батырлық рух сезілсе, «Аман бол шешем, аман бол», «Айда, бұлбұл Айжан-ай», «Балқаймақ» сынды туындылары ой-толғам, сырлы сезім толғаныстарына құрылған. Құрманғазының күйшілік тұлғасын, жан дүниесін толық танытатын «Сарыарқа», «Байжұма», «Серпер», «Терісқақпай», «Балбырауын» сияқты күйлерінің әрқайсысы – қайталанбас туындылар.

Кіру тегін.

Мекен-жайымыз: Алматы қаласы, Зенков көшесі, 24А.
Анықтама телефондары: 8 (727) 291-69-17; 291-63-16
Музей сайты: www.yqlasmusmuseum.kz
E-mail: imeniykhlasa@mail.ru
Facebook: Халық музыкалық аспаптар музейі