12-13 мамырда әлемге әйгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев пен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бірлескен алғашқы концерті өтеді. Атақты виртуоз скрипкашының қазақ халқының музыка мәдениетінің қарашаңырағына айналған ұлттық оркестрмен беретін концерті еліміздің мәдени тарихында тұңғыш ұйымдастырылған ереше премьера.
Концертте талантты жас музыкант, М. Бисенғалиевтың NCPA академиясының тәрбиеленушісі Аян Деспанде өнер көрсетеді.
Марат Бисенғалиев – көркемдік жетекші, бас дирижер және солист. Дарынды өнер иесі әлемдік музыка мәдениетінде өзіндік орны бар дарабоз музыкант. Ол халықаралық музыка мәдениетіне қосқан үлесі үшін алтын дискілердің және көптеген үкіметтік наградалардың иегері. Бүкіләлемдік Carnegie Hall, Lincoln Centre (NewYork) Wigmore Hall, Barbican Center, Royal AlbertHall, Royal festivalhall (Лондон), сынды музыка сахналарында өнер көрсетіп, Naxos, Marco Polo, EMI, Sony BMG сияқты әлемге әйгілі рекордтық компаниялармен ынтымақтастықта бола отырып, әлемдік музыкалық мәдениеттің қазынасына өзінің музыкалық шығармаларын енгізді.
Марат Бисенғалиевтің өнері туралы атақты британдық «The Times» газеті «brilliant violin soloist», «керемет скрипка солисті» деп жазса, америкалық «Fanfare» журналы «қазіргі заманғы Изаи» деп жазды. Сондай-ақ, «The New York Times» өнер иесі туралы: «Ол XIX ғасырдың басындағы скрипкада ойнау шеберлігінің айрықша белгісі болған ұтымды стильдерді жандандарып қайта жаңғыртушы» деп жазды.
Аян Деспанде (piano) 2013 жылs 27 желтоқсанында Токиода дүниеге келді. Ол 2021 жылдың мамырынан бастап Мумбайдағы (SOI) Үндістан Симфониялық оркестрінің музыкалық академиясында фортепиано мамандығы бойынша білім алды. 2021 жылдың қараша айында Аян Тата театрында Марат Бисенғалиевтің жетекшілігіндегі СОИ камералық оркестрімен алғашқы концертін беріп, кейін Үндістанның түрлі концерт залдарының тұрақты қонағына айналды. Аян фортепианода ойнап қана қоймай музыкалық шығармаларды да жазуды ұнатады. Ол соната, вальс, ноктюрн, фортепиано мен ішекті аспаптарға арналған квинтет және т.б.шығармаларды жазды. Aян Венада өткен «Алтын кілт» музыкалық фестивалінің фортепиано мен композицияның екі санаты бойынша жеңімпазы бола отырып, Моцарттың үйінде өткен Palais Ehrbar және Bӧsendorfer Hall жеңімпаздарының гала-концертіне қатысты.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қазақ халқының ұлттық аспаптарына негізделген аспапты-музыка мәдениетін әлемге танытып келе жатқан бірегей өнер ордасы. Ұлттық оркестр бүкіл әлемді қазақ халқының музыкалық мәдениетін, теңдесі жоқ дала әуендерін бірегей қазақ музыкалық халық аспаптары арқылы танытып келеді. Аспапты-музыка мәдениеті төрінен орын алған Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қашанда ұлт руханиятының көшбасшысы. Ұлттық оркестрдің репертуары қазақ музыка мәдениетінің жарқын үлгісін көрсететін халықтық және әлемдік классиктердің туындыларынан құралған. Оркестрдің ұлттық музыкалық аспапта орындаушылық шеберліктері халықтық аспаптық музыка өнерінің жарқын үлгісін көрсетеді.
Ұлттық оркестр қазақ халқының музыкасын, өнерін әлемнің Чехия, Болгария, Германия, Польша, Венгрия, Югославия, Австрия, Франция, Англия, Италия, Дания, Түркия және т.б. көптеген елдерінде танытып келеді. Оркестр 2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен оркестрге «Ұлттық» мәртебесі берілді.
https://www.gov.kz/memleket/entities/culture/press/news/details/548456?lang=kk&fbclid=IwAR0MNa2gTagey_1_nUUrcQgifYF_2jg4LP8HPQVbLF7cF4iHPVR1zT2cplQ&mibextid=Zxz2cZ