«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар

2018082704491833

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықтың жаппай қолдауына ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін бергені анық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздегі іргелі өнер ошақтары мен барлық өнер мен мәдениетке үлкен серпіліс алып келді. Бұл бағдарлама арқылы дәстүрлі мәдениетіміз қайта жаңғырып, әлемдік аренада шарықтады. Соның ішінде Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің  ұжымы шығармашылық тұрғыдан осы уақытқа дейін белестерді бағындырып келеді. Олай дейтініміз, ұлы дала елінің рухани мұрасы, баға жетпес құндылықтарымызды әлемге насихаттадық. Тұтастай алғанда біздің мәдени мұрамызды дүние жүзінің көруіне, көрсетуімізге, жүйелі көзқарас берген Елбасының шебер саясаткерлігі.

2019 жылы оркестр ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тікелей Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарына және Ресей Федерациясына гастрольдік сапарлар өткізуді жоспарлап отыр. Аталған іс-шараларға Құрманғазы оркестрімен бірге еліміздің белгілі өнер шеберлері қатысып, «Ұлы дала әуендері» атты концерттік жоба көрермен қауымға ұсынылатын болады. Ресей Федерациясына жоспарланған гастрольдік сапардың мақсаты – екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты жандандыру, мемлекеттер арасындағы мәдени өзара байланысты нығайту. Қазақ өнерінің төл мәдениетін кеңінен насихаттау.

31 қаңтар  күні бағдарламалық мақала аясында Қырғыз Республикасының танымал әртістерінің қатысуымен «Қазақ-Қырғыз тартуы» атты концерт болып өтті. Бауырлас екі елдің ынтымағы мен достығын нығайтуға арналған кеш барысында Қазақстан, Қырғызстан және шетел композиторларының үздік туындылары ұсынылды.

08 ақпан күні күйші-композитор, аты аңызға айналған тарихи тұлға Жаппас Қаламбаевтың 110 жылдығына арналған «Қорқыт сарыны» атты қобызшылар концерті  өтті. Шығармашылық концертке ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері қатысты.

15 ақпан күні тыңдармандарға бұрын-соңды болмаған тың жоба «Оркестр түні: әлемдік хиттер» концерті ұсынылды. Кеш қонақтары Құрманғазы оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған әлемге танымал шығармаларды тамсана тамашалады.

28 ақпан күні «Күй шашу» атты  ауқымды концерт ұйымдастырылды. Тыңдарман қауымның оркестрмен қауышуы оларды жарқын да жадыраңқы күш-жігер мен жаңашылдыққа құлшындыра түсетіні бұл жолы да дәлелденді.

28-29 наурыз күндері Құрманғазы оркестрі және Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының бірлескен жобасы «Аманат» концерт-спектаклінің премьерасы көрермен назарына ұсынылды. Қос өнер ордасы – тарихқа зер сала отырып, түрлі қиындықты басынан кешірсе де, өзінің тілін, салт-дәстүрін және мәдениетін сақтай білген қазақ халқы – өз халқына деген мақтаныш сезімін  көрерменнің әрқайсысына сезіндіре білді.

Міне осы аталған іргелі жұмыстар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында жасалған дүниелер. Бүгінде үлкен қарқынмен жүргізіліп жатқан реформалар аясында мәдениеттің алар орны айрықша. Мәдениетті дамыту үшін бізге берік негіз, іргетас керек. Сол негізді біз қазақ күйінен аламыз. Ұлттық өнеріміздің төл құжаты күй өнері әлемдік классикамен үндесіп ұлттық музыкамыз бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп келе жатыр. Құрманғазының күйлері, Жамбылдың жырлары, Абайдың әндері уақыт өткен сайын сан қырынан жарқырап, ұрпақ санасына шұғыла шашатын мәңгі өлмейтін қазына. Рухани жаңғырудың мән-мағынасы осында. Еліміздің өнер ұжымдарына шалқар шабыт, тың серпіліс, берік қорған болған жаңғыру аясында ән мен күй, би, опера саласы кеңінен насихатталды.

Дамудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынған Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы  Құрманғазы оркестрі ұжымының жаңа бастамаларға негіз болды. Кәсіпорынды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған шаралар тізіміне оркестр репертуарындағы шығармаларды электронды жүйеге ауыстырып, оркестрдің концерттерін онлайн желісі арқылы кез-келген жерден көруге, сол арқылы шет мемлекеттен көрермен жинауға мүмкіндік жасау мәселесі қолға алынып отыр. Осы мақсатта оркестрдің әлеуметтік желідегі парақшалары үздіксіз хабар таратып отырады.