
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі домбырашылар тобы «Күй күмбез» атты концертін жоғары дәрежеде өткізді.
Іс-шара күйші Қамбар Медетовтің 120 жылдығына арналды.

Қамбар Медетов – Құрманғазы атындағы оркестрдің негізін қалаушылардың бірі, атақты А. Затаевичке бай ән-күй қазынамыздың бірқатар нұсқаларын жаздырушы. Күйші Қамбар Медетовтің орындауында «Ақсақ құлан», «Боғда», «Жошыхан», «Шалқыма», «Қарасай», «Қостайбек», «Ел айрылған», «Қара жорға», «Алтынай» т.б. көптеген күйлер болғаны белгілі. Солардың ішінде мамандардың, тыңдаушылардың ерекше көңілінен шығып, жадында сақталғаны – атақты «Ақсақ құлан» күйі.

Іс-шара мақсаты: ұлтымыздың дәстүрлі музыкалық өнерінің тұлғасы Қамбар Медетовтің есімін айшықтау.

Концертке: Құрманғазы оркестрінің домбырашылары, оркестрдің бас концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Батыржан Мықтыбаев, Мәдениет саласының үздігі, әнші-термеші – Армат Исламғалиев, Халықаралық конкурстардың лауреаты – Шаңбай Есбол қатысты.