Тарихы

I-КЕЗЕҢ

Қазақ халқының мақтанышына айналған, ұлттық профессионалдық музыка өнерінің қарашаңырағы атанған, тылсым-табиғатына ұлылық рухын ұялатқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұжымы, Дүниежүзілік және Халықаралық конкурстардың лауреаты, Халықтар достығы орденді, Қазақтың Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрі – шын мәніндегі ұлы оркестр.

Оркестр өзінің алғашқы қадамынан бастап-ақ тыңнан жол салып, жаңашылдықты шығармашылық терең ізденістер арқылы игеруге ден қойып, үрдіс ұмтылыстар жасап, уақыт өткен сайын баспалдақтай көтеріліп, толыса, кемелдене өсу үстінде болды. Оркестрдің жүріп өткен жолында шоқтығы биіктен көрініп, жұлдызы жарқырай жанған кезеңдері аз болған жоқ. Мәселен, ол сонау 1936 жылы, ұйымдасқанына небәрі екі-ақ жыл болған балаң шағында, Мәскеу қаласында өткен Қазақстан әдебиеті мен өнерінің он күндігіне қатысып, айтулы сыншы сарапшылар алдынан өтіп, өз тиісті бағасын алып қайтты. Ал, 1944 жылы қанқұйлы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан тұста Ташкент қаласында өткен Орта Азия республикаларының музыка байқауында жүлделі бірінші орынды жеңіп алып оралды. Сол жылы оркестр өзінің құрылғанына 10 жыл толуын атап өтіп, оған ұлы күйші, композитор Құрманғазының есімі берілді. Құрманғазы атындағы оркестр – қазақтың аспаптық музыка өнері тарихындағы теңдесі жоқ, қайталанбас өз қолтаңбасы бар ерекше құбылыс. Орындалатын шығарманың мән-мағынасын ашуда оның нақыш, ою-өрнектерін сақтай, әшекей-кестелерін айшықтай, бояу-бедерін ажарландырса, дәстүрлі орындаушылық мәнерін барынша ұлттық сипатта қанық та айқын етіп көрсетіп беретін ақберен ата оркестр.

II-КЕЗЕҢ

 1950 жылдан ары қарай Құрманғазы оркестрінің даңқы дүние жүзіне тарады. Оркестр ұжымы профессионалдық музыка өнерінің бүге-шүгесін толықтай меңгеріп, шарықтау шегіне жетті. Бұл – А. Жұбановтан тәлім-тәрбие алған Шамғон Қажығалиевтің дирижер таяқшасын ұстап, оркестр тізгінін қолға алған, жұлдызы оңынан туған шағы еді. Ол алғашқы қадымнан-ақ көрермендердің көңілінен шықты. Дәл 1950 жылы Қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясының үлкен концерт залында  Құрманғазы оркестріне тұңғыш рет дирижерлік етіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленуі – оның болашақ шығармашылық жолындағы жоғары баға алып шыққан алғашқы емтиханы еді. Құрманғазы атындағы оркестр артистерінің толық музыкалық сауаттануы, орындаушылық шеберліктерінің артуы, репертуарының байлығы – енді оны республика көлемінен асырып, Бүкілодақ, шетел тыңдармандарының ынталы назарын аударып, жылдар өткен сайын құлашын кеңге серметті. 1952 жылдың өзінде-ақ оркестр толық құрамымен Одақтық республикаларға гастрольдік сапарларға шығып, Қазақстанның ұлттық музыка өнерін Москва, Ленинград, Киев, Баку, Минск, Рига, Вильнюс, Каунас, Тбилиси, Ереван, Ташкент, Фрунзе сияқты қалалардың жұртшылығына тарту етті.

1967 жылы Қазақтың Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген ұжымы» құрметті атағын алды. Ал, 1978 жылы Академиялық оркестр атанса, 1984 жылы «Халықтар достығы» орденінің иегері болды. Сөйтіп, оркестр көптеген Дүниежүзілік және Халықаралық конкурстардың лауреаты деген атақ-даңқына сай бүкіл әлем жұртшылығына әйгіленді.

III-КЕЗЕҢ

1991 жылы қаншама ғасырлар бойы халқымыз аңсап келген еркіндіктің көк туын желбіретіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіз мемлекеттігіне тұңғыш рет қол жеткізген сәтте бүкіл ел-жұртымыздың қуанышында шек болған жоқ. Енді өз елдік шаңырағын көтеріп, қайта түлеген Қазақстан қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық, мәдениет пен өнер, ғылым мен білім, тілі, діні, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып және басқа да салаларда жаңаша өзіндік бағыт ұстанып, жаңа заманға лайықты өркениетті ел болуға ұмтылды.

1991 жылы Құрманғазы  атындағы оркестр ұжымы үшін де жаңаша шығармашылық кезең басталғандай болды. Өйткені, оркестр басшыларынан бастап, құрамы негізінен жаңадан құрылып, талапты да талантты жас музыканттар легімен толықтырылды. 1993 жылы құрамында 60 артисі бар оркестр ұжымының Қытай Халық Республикасына барып қайтуын атап айтуға болады. 1994 жылы оркестр тарихында айтулы кезеңдердің бірі болды. Өйткені оркестр 60 жылдық мерейтойын атап өтті. 1995-2000 жылдар аралығы оркестр ұжымы үшін тағы бір жаңа шығармашылық ізденістер мен орындаушылық шеберліктерін шыңдаудың сындарлы шағы, 21 ғасырға қадам басар алдындағы өзі шыққан шығармашылық тұғыры биігін тұспалдар кезең болды деуге болады.

IV-КЕЗЕҢ

Оркестр ұжымы 2002 жылдың мамыр, маусым айлары ішінде Павлодар, Ақтөбе облыстарына гастрольдік сапарлармен барып қайтты. Құрманғазы атындағы оркестр ұжымы республика өміріндегі мәдениет саласындағы өткізіліп жатқан жарқын істерге қызу араласып, барынша кең көлемде өз үлестерін қосты.