Бүгін ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде қазақ музыкасындағы тұңғыш дирижер, Қазақстанның халық әртісі, қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Қуанұлы Жұбановтың туғанына 117 жыл толуына орай музыкалық кеш өтті.
Рухани кешке Ұлттық оркестр директоры Қуанышев Медет Ермекқалиұлы да қатысты. Сондай-ақ, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінің оқушылары әйгілі композитордың шығармаларын орындады.
Ахмет Қуанұлы Жұбанов — алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық оркестрін құрды. Осы ұжымның тұңғыш дирижері ретінде көптеген халық композиторларының музыка туындыларын оркестрге лайықтап нотаға түсірген. Сол уақыттағы шағын құрамды ансамбль бүгінде 90 жылдық тарихы бар Ұлы оркестрге айналды.
Айта кететін жайт, биыл Ахмет Қуанұлының дүниеге келгеніне 117, өмірден өткеніне 50 жыл толды.
Ұлы тұлғаның келер ұрпаққа қалдырған ұлы мұрасын насихаттау — біздің басты парызымыз.